БАБАЛАР СӨЗІ: Беғазы тауы атауының шығу тарихы
***
Бұл таудың Беғазы аталу себебін қазақ-қалмақ жауласқан уақыттарда Бегайым атты қазақтың қара көз батыр қызының атымен байланыстырады. Халқымыз қыздың ерлігіне, биіктігіне сүйсініп, бірақ осындай қыздарымыздың аздығына нали, «бектеріміз көбейсе, азаймаса» деген арман-тілекпен Бегайымды еркелетіп Бек-аз деп атап кеткен екен. Сонымен ұзыннан-ұзақ созылған таудың бір үңгіріне батыр қыз жасауын жинапты деседі. Шын батыр бір ұйықтаса, алаңсыз ұйықтайды демекші, кыз бір жорықтан шаршап келген бойда ұзақ ұйқыға кіріседі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, бабаларымыздан бері сақталып келе жатқан жаман әдет «алауыздық» сол кездерде де болады. Бұны естіген жау қолы қуана келіп, бір түні Бегайымды сол үңгірде өлтіріп, ешбір асыл бұйымдарына тиіспей, үңгірдің аузын берік таспен бекітіп кетеді. Содан халқымыз батыр қыздарын өз үңгірінде емес, жау қолында өлді деп есептеп, құрметіне Арқаның ұзыннан-ұзақ созылған сол тауын «Беғазы» деп атапты.