БАБАЛАР СӨЗІ: Бектау ата, Әулие шоқы атауы туралы аңыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
«Жерұйықты» іздеп, жаһанды кезген Асан Қайғы Арқа жерінің бір тауының маңына келіп, желмаясын шөгеріп, сол жерге қонып шығады. Таң алаң-құлаң атып келе жатқанда шырт ұйқыдан оянған екен. Қөзін ашып қараса, жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұр екен. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектау ата» деп атапты.
Әлгі таудан шығып, түс ауа келесі бір тау шетіне келіп түседі. Асан Қайғы тау төбесіне шығып, жан-жағына қараса, айналаның бәрін бір әулие қолмен алып келгендей болып, анық қөрінген екен. Бұл тау Асан Қайғыға әулие сияқты елес қалдырады. Сондықтан бұл тауды «Әулие шоқы» деп атаған екен.