БАБАЛАР СӨЗІ: Бурабай атауы қайдан шықты?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Арқадағы Көкшенің өңірінде ел-жұрт әулиедей санаған ақбас бура мекен етіпті дейді. Ол бураның әсемдігі, сипаты көрген адамды таңырқатпай қоймайды екен. Соның сұлулығына қызыққан бір батыр аңдып жүріп жаңағы бураны қос жебемен атады. Ауыр жараланған бура биік тауды айнала қашып барып бір тұстарға жеткенде шөге кетеді. Боздаған дауысын естуге, көзден аққан жасын көруге дәті бармаған батыр да, ел де көп уақытқа дейін жаңағы тұсқа жолай алмапты. Бураның үні тоқтап, елдің көңілі басылғаннан кейін батыр бір топ серіктерімен әлгі жерге келсе, сол бура тасқа айналып, көзінен аққан жасы көлге айналыпты. Содан бері көпшілік сол көлді «Бурабай» деп атап кетіпті.