БАБАЛАР СӨЗІ: Хан елімен кісі - Исатай Тайманұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай ғасырлар тереңінен жеткен атадан қалған асыл сөздің мәйегі - «Бабалар сөзі» атты жаңа жобасын іске қосты. Жобаның негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Исатай Тайманұлы ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары Еділ мен Жайық өзендері арасын мекендеген қазақ шаруаларының ханға қарсы күресін бастаған батыры болған. Ол кездегі қазақтардың ханы Жәңгір (Жиһангер) орысша да, қазақша да оқып орта білім алған сауатты адам болады. Ол орыс патшасына еліктеп екі өзен аралығындағы ең шұрайлы жерлерді хан, сұлтан, қожа байларға бөліп беріп, жай шаруаларды құмдық тақыр жерлерге иіріп, олардың шаруашылығына үлкен қысым жасаған. Оның үстіне хан өз байлығын күшейтіп алу үшін елден алым-салықты көбірек алған, тіпті «хан сыбағасы» деп шаруалардың соғым етінің ең шұрайлысына дейін қағып ала тын болған. Хан айналасындағы билерімен ел қыдырып жүріп, қазақтың ажарлы әйел-қыздарына да көз салып, бозбалалықты күшейтіп, шаруалардың намысына тиген. Жер дауы мен жесір дауы ол кездегі қазақтардың ең басты мәселесі болып есептелген. «Қазы қиянат жасаса кімге барып арыз айтарсың» дегендей, ханнан жәбір көрген шаруалар шағымдарын Исатайға барып айтатын болған. Исатай бір рулы елді басқарған старшина ғана болғанымен, ол батыл, өр мінезді, ойына келген сөзді ірікпей, жасқанбай хан-билерге айтатын тілді адам болған деседі. Оның атасы Ағатай бүкіл беріш руының ұраны болғандықтан да оған үлкен сенген. Ханнан жәбір көрушілер көбейіп бара жатқасын, бір күні Исатай жолдасымен хан ордасына келіпті.

Исатай ханның жанындағы билерімен тілдеспестен баса-көктеп хан сарайына кіреді де, тікелей хан отырған жерге рұқсатсыз кіріп барады. Исатай ханмен амандасып жанына отырғанда, билер өзара сөйлескен болып, Исатайды сынап-мінейді: «Исатай билерді көзге де ілгісі келмейтінін көрдің бе?» - депті. Бұл сөзді ханға да, Исатайға да естіртіп айтыпты.

«Әй, билер! Хан елімен кісі, Қатын ерімен кісі. Билермен бар еді Кімнің ісі?» - деп Исатай билерді сөзбен тойтарып тастайды.

Хан билерімен аңға шығуға даярланып жатыр екен. Исатайға «бізбен бірге аңға жүр» деп хан ұсыныс жасағасын оны мақұлдапты. Бұлар атпен жүргенде ханды ортаға алып, билері екі жарылып қоршап жүреді екен. Бұндай тәртіпке көнгісі келмеген Исатай топтың алдына шығып арқан бойы хандардан озып жүреді. Билер тағы да Исатайды мұқатқысы келіп, ханға айтыпты: «Исатай біздермен қатар жүргісі келмей, алдымызды кесе беретінін көрдіңіз бе?» - депті. Хан Исатайды айқайлап шақырып алыпты да айтыпты: «Әй, Исатай! Сен менің қарғылы қара тазыма ұқсап неге алдымды орай бересің? Бізбен қатар неге жүрмейсің?» - депті.

Исатай: «Ә, ханеке! Қарғылы қара тазыдай алдыңда бұлаңдап Исатай жүрсе, қой баққан төбеттер сияқты он екі биің сені айнала қоршай жүрсе, ханды көктен Құдай, жерден құмай ала ма?» - дегенде, хан да, билер де әрі сөзден ұтылып, әрі намыстарына тиіп ашуланып қалыпты. Хан мен билердің ашуларын көріп,

Исатай айтыпты:

«Он екі би мен Шұнақ хан, Күндегенің мен екен, Шабатының ел екен. Қандарыңды судай төгермін, Қабырғаңды қойдай сөгермін, Қалың елге кірермін. Хан ұлына қас болу, Қара ұлына бас болу Мендей ерге жол екен!» -

депті де, атын бауырына қамшымен бір салып жіберіп хандардан бөлініп еліне тартқан екен. Артынан хан шақырса да, Исатай қайырылмапты. Осы ыза-ашудың түбі шаруалар көтерілісіне ұштасыпты.

Соңғы жаңалықтар
telegram