БАБАЛАР СӨЗІ: Қалмаққырылған атауы туралы аңыз

***
Жаугершілік заманда қазақ пен қалмақ жиі соғысқан екен. Содан Ақшимен тауларында қалмақтар мен қазақтар екі жұмадай ма, одан да көп уақыт па соғысады. Бір күні қалмақтар тау үстіне шығып, ағашты айналдырып белгі береді. Онысы екі жақ та демаламыз дегені.
Содан бір күні таудың үстінен қара құс ұшады. Оны қалмақтар бүгін қазақ соғысады дегенге болжайды. Түні бойы ұйықтамай, соғысқа дайындалады. Ертеңгісінде соғыс басталып кетеді. Қазақ пен қалмақ бір-біріне тойтарыс бере алмайды.
Ақшимен таулары дөңгелене орналасқан. Ортасында 500 әскер сыярлықтай орын бар екен. Күн батыс жағынан ғана кіретін жол бар. Сол орында қалмақтың бес жүз қолы орналасыпты. Сол тауларды Малайсары батыр басқарған қазақтың қолы қоршап алып, қалмақтарды ешқайда шығармай қояды. Қалмақтар таудың ішінде аштан қырылып өледі.
«Қалмаққырылған» деп аталуы осыдан екен.