БАБАЛАР СӨЗІ: Кәрітау қалай Ерейментау аталды?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Сонау ерте заманда «Ақтабан шұбырынды» кезінде қанжығалы деген ел Сырдың бойын мекендеген екен. Бірақ жаугершіліктің әртүрлі ауыртпалығының әсерінен мал мен жанға қолайлы жер іздеп сары даланы бетке ала көшеді. Көш жүре-жүре Арқаның айтулы көкшалғынды таулы аймағына келіп, ат басын тірепті. Бір тасты таудың басына шығып байқаса, тастары ыстық екен. Сонан бұл тауды «Күншалпын» деп атайды.
Келесі бір таудың беткейін аралап жүрсе ірі-ірі әр жерде жатқан тастарды көреді. Бұл таудың атын «Сандықтас» деп атайды. Күндердің бір күнінде жоңғарлар ойда-жоқта шабуыл жасапты. Белгілі батыр Бөгенбай бір топ сарбаздарымен жоңғарларға қарсы шығады. Жекпе-жек сайысы болып, жаудың батырын найзамен шаншып түсірген Бөгенбай жеңіске жетеді. Қалмақ батырының мінген аты тұлпар болса керек. Бөгенбай қашқан жауды түре қуып тастап, жаңағы атты бір жігітке іздетіпті.
Арада бірнеше күн өткенде әлгі жігіт күрең атты Кәрітау деген жерден тауып, жетекке алып ауылға келеді. Сұрағандарға атты «ерімен табылды» деп жауап беріп отырады. Осыдан жаңағы Кәрітау Ерімен тау, кейін келе «Ерейментау» аталып кеткен екен.