БАБАЛАР СӨЗІ: Қонақбай батыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай, «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

БАБАЛАР СӨЗІ: Қонақбай батыр

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Ыстықкөл қырғыздарының атақты бір бай адамы Батырқан қажы қыз ұзатпақшы болып үлкен той жасайды. Жапсарлас жақын тұрғандықтан бұл тойға Албан елінің бірқанша атақтылары да шақырылады. Ауыл-аймағына жаңадан көрініп, таныла бастаған Қонақбайдың жас кезі екен, ол да бірге келіпті.

Әрине, дүбірлі той болған соң неше түрлі ойын-сауық қоса көрсетілмек. Балуан күрестіру басталар шақта той иесі: «Жыққан бас балуанға жиырма тайлық бәйгесі бар», - деп жұртқа жар салады. Әр ру-ұлыстың балуандары өзара күш сынасады.

Соңына таман қырғыздар өздерінің жардай биік дәу балуанын жетелеп әкеп ортаға шығады да:

«Кәне, Албан ағайындар, сендерден ешкім күреске шықпады. Біз сендерді қымыз ішіп, ет жесін деп шақырғанымыз жоқ, мына балуанға жігітіңді шығар!» - дейді.

Алғаш бұған ешкім батына алмай, аңырып тұрып қалғанда:

«Шық ортаға Қонақбай, біз сені ұл қып тудық. Албан атаның аруағы жар болсын!» - деп топ ішінен бір адам айғай салыпты.

Екеуі сүзісетін бұқалардай күжірейіп келіп ұстаса кеткені де сол екен, сондай жылдамдықпен қырғызды жерге бір-ақ ұрып жығады да, жүре берген дейді. Содан бастап «Қонақбай балуан» деген аты шығады.