БАБАЛАР СӨЗІ: Көріпкел баба - Саурық ата

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай, «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

БАБАЛАР СӨЗІ: Көріпкел баба - Саурық ата

***

Сәметтің Әйімбет ата ұрпақтарының бірі - Саурық ата күш-қайраты көп, әрі көріпкел әулие болған. Ол 1930 жылы жасы сексеннен асқан шағында қайтыс болды. Саурықтың зор қайраттылығымен қатар, әруақ қонған, болашақты болжағыш көріпкелдігі де, әулие, тәуіпшілдігі де болған. Ол әр аптаның жұма күндері қоңыр қобызын тартып, оны жәйлап бастап, соңына қарай даусын созып, аңыратып жылағандай үн шығарып, әруақтарының атын қосып айтып отыратын әдеті болыпты.

Саурықтың тәуіптік әулиелік қасиетінің шапағаты елінің қажетіне мол тиіпті. Кейде жүкті әйелдер босана алмай қиналатын мартубасты дерті кездерінде Саурықты көмекке шақырып, жәрдемін алып отырған. Баруға мүмкіндігі болмаған жағдайда шақыра келген адамнан жөн-жобасын айтып, өзінің қамшысын беріп жібереді екен. Бір жолы көршілес ауылда жүкті әйелдің толғағы ұзаққа созылып, көп қиналыпты. Үй иелеріне ауылының Естай деген молдасын шақыртып жәрдемін сұрайды. Бірақ,оның ешбір көмегі болмады. Амалсыз арақашықтығы біраз жер болса да, жетегіне ат беріп, Саурыққа кісі жұмсайды. Хабарды естісімен Саурық жедел жүріспен келеді де, бірден үйге кіріпті де екі-үш адамның ортасында отырған Естай молданың жотасынан қамшымен екі-үш рет тартып-тартып жібергенде, ол: «Биссимилла, бис-симилла! Ой әруағыңнан айналайын, Саукем, Саукем!», деп ешбір реніш білдірмепті. Толғатып жатқан әйелдің толғағы жеңілденгендей кейіп байқайды. Саурықтың Естай молданы ұрған ісіне таңғалысқан адамдардың сұрағына ол:

«Мартубасты дерт толғатып отырған әйелден шығып, мына молданы баса бастаған екен, оны мен ұрып қуып шықтым, пәле кетті, енді жақсы болады», - депті де отырған ер адамдармен сыртқа шығыпты. Көп ұзамай әйел аман-есен босанып, ұл туыпты.

Үй иесі қуанып, сый сыяпат жасапты.