БАБАЛАР СӨЗІ: Қызыл жолбарысты Сарыбай би

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай, «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

   БАБАЛАР СӨЗІ: Қызыл жолбарысты Сарыбай би

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

***

Сарыбай Айдосұлы-Сұраншының үзеңгілес серігі, аса жақсы көретін інісі, қол бастаған батырларының бірі. Оны бүкіл еліне сөзін өткізер көсем деп, дауға салар шешенім деп ғұмыр бойы қасынан тастамаған. Екеуі тізе қосып, тақты Қарқараныңжәрмеңкесіне келгенде, Алатаудың күнгей-теріскейіндегі

қырғыз-қазақ, арғы жақтағы қалмақ, қытай, ылдидан дұңған, ұйғырлар бүкіл Жібек жолы бойындағы саудагерлер, қалың жұрт түгел өре түрегеліп, астерлеп, иіле сәлемдесіп, игі жақсылар қақ төрден орын ұсынады екен.

«Батыр-аңқау, ер-күдік». Сұраншы аңғалдығынан жаудың алдағанына сеніп, байқаусызда қолға түседі. Сонда Сайрам қаласындағы биік қамалдың ішінде қасындағы төрт-бес нөкерімен соғысып жатқан Сұраншы Сарыбайға ақырыпты дейді:

«Мыналар бізді құтқармас, елді басқаратын сен аман бол, Қарасай баба әруағы сені қолдасын!»- деп биік қамалдан Сарыбайды көтеріп алып, сыртқа лақтырып жіберіпті. Сонда Сарыекем жамбасы сынғанына да қарамай, бүкіл қолын жинап келгенше, қоқандықтар Сұраншыны қасындағы сарбаздарымен түгел қырып тастапты.

Сұраншының өліміне Сарыбай қатты қиналады. Бүкіл сарбаздарымен Сайрам-Тәшкенттің қан базарына ат ойнатып, қоқандықтарды быт-шыт қылады. Сұраншының сүйегін еліне, Алатауға алып қайтуға қаралы көш ұйымдастырылады. Сонда жол-жөнекей қоңырат, дулаттың атақты адамдары:

- Жолбарыс та ит қой, тегіне тартпас деймісің. Қызылға айналып біздің елде қалар, қан жоса қып мал сойып тастаңдар,- деп төрт түлік мал сойып, Сарыекеңнің қаралы көшін қарсы алады.

- Біз батырларымыздан айырылған қаралы көшпіз, қонақ болып дәм татар уақытымыз жоқ. Сұраншы батырды жерге бермейінше ат үстінен түспейміз,-деп Сарекең ешкімге пейілін бермей, бөрілі байрағына жылқының құйрығын байлап, Сұраншының Ақтұяқ тұлпарын жал-құйрығын күзеп, ер-тоқымын теріс ерттеп, суыт аттанып кете беріпті. Елсіз жерге келгенде ғана аялдап, өздерімен бірге алып шыққан малды сойыс жасап, сонымен ғана тамақтаныпты. Тоқтамай, күн-түн демей еліне келіпті.

Киелі қызыл жолбарыс содан Сарыбай биге ауысып, Қыдыр босағасына келісімен-ақ Сарыекеңнің абырой-даңқы аспандап жүріп беріпті. Шапыраштының бас биі болып сайланыпты. Оң жақ тізесіне бүкіл қазаққа аты шыққан ақындары, сол жақ тізесіне дулығалы батырлары отырған Жетісу елінің қадірлі сөз ұстары атаныпты.

Сарыбай би қайтыс боларда Жамбылды шақырып алып, ақ батасын беріп былай деген екен: «Айналайын, Жамбылжан, жасыңда есті тентек едің, ел таныған ақиық ақын болдың, маған өте жақын болдың. Жас кезіңде ел тірлігі бұзылмасын, жаңа ұйыған ел ірімесін деп, Бұрым сұлуыңды алып қашып келгенде, ғашығыңнан айырып, саған қиянат жасап едім. Сонда да сыртқа кетпедің, ақ батамды саған бердім. Тек, әттең, басыңа бақ кештеу қонады екен»,- деген екен би.

Bloomberg: Трамптың мәлімдемесінен кейін Ормуз бұғазындағы қозғалыс тоқтап қалды
Ұқсас жаңалықтар

Bloomberg: Трамптың мәлімдемесінен кейін Ормуз бұғазындағы қозғалыс тоқтап қалды