БАБАЛАР СӨЗІ: Шоқанның қазасын естірту

АСТАНА. ҚазАқпарат - АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

БАБАЛАР СӨЗІ: Шоқанның қазасын естірту

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады. *** Қазақтың атақты ғалымы, белгілі ағартушы, әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда, Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді...

Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкер ертіп Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:

- Төре, дүниеде не қымбат? - дейді. - Адам қымбат, - депті Шыңғыс. - Адамға не қымбат? - Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса... - Жансызда не қымбат екен? - Жансызда қымбат гауһар деуші еді... - Теңіздің тұңғиық жатқан сол гауһардың да иесі бола ма? - Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой. - Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді, - дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, күштісі алады» деп өз санын бір соғыпты да: - Менің гауһарым Мұхаммед Қанапияға Тәңірдің оғы тиген екен ғой», - деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып алыпты.

Келдібек би тоқтау айтып: - Уа, Сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! - деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда, үйдегілердің бәрі еңірепті.