БАБАЛАР СӨЗІ: Шомбал биді жеңген Жұмат

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай ғасырлар тереңінен жеткен атадан қалған асыл сөздің мәйегі - «Бабалар сөзі» атты жаңа жобасын іске қосты. Жобаның негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
None
None

***

Жәңгір ханның билерінің біреуі ноғай қазақ беріш Шомбал би болыпты. Шомбал бидің қорытып қойған көлінен ағайындары ұрлап тұз сатып, пайда етіп жүреді. Сол күнде бидің ауылдасы кірме кедей Жұмат деген жігіт ұрлап тұз сатыпты дегенді естіп, Шомбал Жұматтың жалғыз атын ұрлатып алдырыпты. Жұмат атының қолды болғанын, бидің ұрлатып алдырып отырғанын сезіп, биге келіп көптің алдында мына сөзді айтыпты:

Осы би деп жүр едім ақылды би, Қорғар деп жақын түгіл, жатыңды би. Хал қылып, ауқат шегіп отырғанда, Алдырдың не себептен атымды, би?!

Осы би деп жүр едім білімді би, Халық түгіл, хан қайырмас тіліңді, би. Ажалым бір кісіден бола кетсе, Жүр едім сіз сұрар деп құнымды, би.

Сақсынып сауысқандай жүрсем дағы, Аяғым бір нәрсеге ілінді, би. Тұзыңнан он екі арба алып едім, Сұрасаң, енді айтайын шынымды, би.

Тәттібай, Бұзай алса, үндемейсің, Осы жерден бөтендігім білінді, би. Шиттей бала-шаға, жалғыз сиыр, Бермесін біреуге де күнімді, би.

Тұзыңа екіншілей жуымаспын, Салсам да быламыққа қолымды, би! - депті.

Шомбал: " Жә, енді баршы, атың ешқайда кетпес", - депті. Соңынан атын да тауып беріпті. Сөз жүйесін тапқанда, мал иесін тауыпты.

Соңғы жаңалықтар