БАБАЛАР СӨЗІ: Төреқұм атауы қайдан шықты?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
*** Бұрынғы кезде Сыр өзеніне жақын жатқан бір сілем құмның дәл түбінен дарияға қарай қара жол өтеді. Бір жолы сол соқпақпен келе жатқан топ аттылардың ішінен біреу Құмшоқының қасына жеткенде: «Па, шіркін, мына құм қалай әсем үйілген, құмның төресі десе де болғандай екен-ау!», депті таңданысын жасыра алмай. Сол сол-ақ екен, әлгі жігіттің қасындағы кісілер: «Бәрекелді, өте тауып айттың, құмның төресі Төреқұм десе, дегендей-ақ!», деп қуаттай жөнеліпті. Кейін сол жер «Төреқұм» деп аталып кетіпті.