БАБАЛАР СӨЗІ: Үшбастау атауы туралы аңыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты.
Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
ҮШБАСТАУ
Ерте заманда бұл арада бір көл болыпты. Көл маңы көк жайсаң, қара құйрық, құлан, бұғы сияқты аңдардың мекені екен. Аққу, үйрек, қаз қатарлы құстар да осы арада өсіп-өніпті. Солтүстіктен оңтүстікке баратын жыл құстары ұзын сапардан қанаты сайран салып жалғасты сапарына бет түзейді екен.
Бір ақсақалды кария күнелтудің жолын іздеп қызын ертіп сапарға шығыпты. Әкелі-балалы екеуі қағыр далада қаңғырығы түтеп, су таба алмай қария өлуге айналыпты. Олар кенеттен көлді көріпті. Қыз үш тостаған алып суға жөнеліпті, ол су алып қайтып келсе, әкесі әлдеқашан жан үзіпті. Қыз әкесін құшақтап жылай беріпті. Осылайша үш күн, үш түн жылап есінен таныпты.
Қанша уақыт өткені белгісіз құстардың сайраған дауысынан есін жинаған қыз қараса үш тостаған қойған жерден үш мөлдір бастау пайда болыпты да бір-біріне қосылып, ен далаға қарай ағып жатыпты.