БАБАЛАР СӨЗІ: Жақынды жаралама, алысты қаралама

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай ғасырлар тереңінен жеткен атадан қалған асыл сөздің мәйегі - «Бабалар сөзі» атты жаңа жобасын іске қосты. Жобаның негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерліктер алынды. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

БАБАЛАР СӨЗІ: Жақынды жаралама, алысты қаралама

***

Кіші жүздегі Он екі ата Байұлының байбақты деген руына басшы болған Бұлан деген кісі қартайған кезінде бір жиында жұртқа: «Мен қартайып жасым жетті, мына алдымдағы піскен қойдың басын біреуің келіп ұстап, байбақтыға бас болыңдар!» - депті. Сонда жұрт қаңтарылып ешкім ортаға шыға қоймаған соң аяқ жақтан Сырым шығып:

«Бәлі, аға, бас та, бастаушы да болам», - деп Бұланның алдына келіп отырыпты.

Сонда Сырым жиырмадағы жас жігіт екен. Бұлан қарт батасын беріп, содан бастап Сырым байбақтыға би болыпты. Сырым содан кейін елдің қарияларынан ақыл алу үшін атқа мініпті. Қараман тана Малайсары биден ақыл, бата алуға жолға шығыпты. Малайсарының аулы төменгі топайлы қаласының аузында екен. Малайсарының шаруасы шағын болса керек. Аулына келгенде, қарт азғантай қойының алдында жүр екен. Сырым сәлем беріп: «Аға кім болдыңыз?» - деп сұрапты.

Малайсары: «Шырағым, кім болайық, осы жердегі аз үй танамыз дағы», - депті. Сонда Сырым: «Тананың қайсысы? Жеті үй Жиенбекпісің? Бес үй Бессарымысың? Тышқан құлақ Асанбысың? Төлеуден алған Құнанбысың?» - дегенде, Малайсары: «Шырағым, тананың пәленімін деп неғылайын. Танысаң танырсың! Мен де сені танып тұрмын. Даттың аузына шайтан түкірген, бір қу аяқ баласы желігіп атқа мінді деп естіп едім. Сен сол бала боларсың!» - депті.

Сонда Сырым: «Бәлі, аға, сол бала боламын. Ауылдан шыққанда сізді сөзден ұтсам, тананың алжыған шалы деп күлкі қылайын, сөзден ұтылсам, ат мінгізіп, шапан жауып батаңызды алайын деп аттанып ем, ұтылдым, батаңызды беріңіз, атыңыз - мына астымдағы атым, шапаным мынау!» - деп, үстіндегі шапанын шешіп беріпті.

Малайсары екеуін де алмай: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят,борыш, обал! Одан кейінгі бір ақылым - жақынды жаралама, алысты қаралама!..» - деген екен.