БАБАЛАР СӨЗІ: Жалаңтөстің үш қорығы туралы аңыз
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Шапқыншылық кезінде жоңғарлар қазақ жерінің малға жайлы шұрайлы тұстарын жайлап қоныстанып алыпты. Үлкен қорық деп аталатын жерде жатқан жау әскерлеріне не сауыты жоқ, не найзадан басқа қаруы жоқ ақ көйлекті бір батыр ойда жоқта жалғыз өзі жауға тиеді. Жоңғарлардың атқан оқтары, шапқан қылыштары жаңағы батырға дарымапты. Әулие батырдың аруағынан қорыққан жоңғарлар үлкен қорықты тастай қашыпты. Орта қорыққа келіп паналаған жау әскерлері жаңағы батырдың Жалаңтөс екенін әңгімелей айтыпты. Сөйтіп отырғанда әлгі Жалаңтөс орта қорыққа да қырғидай тиіп қуып шығады. Барлық жоңғарлар жиналып келіп кіші қорықта бас қосыпты. Сол сәтте жаудың батырына бір хабаршы жігіт келіп: «Жалаңтөс батыр осында келе жатыр» деген хабар айтыпты. Соны естіген қалмақ батыры: «Үлкен қорықты бердік, орта қорықты бердік, кіші қорықты да бәрібір алмай қоймас. Аман-сау тұрғанымызда кеткеніміз жөн болар, бұл үш қорықтың үшеуі де Жалаңтөстікі екен ғой»,-деп әскерлерін бастап қайтып кетіпті дейді. Содан бері жаңағы қорықтар «Жалаңтөстің үш қорығы» аталып кетіпті.