«Баға белгілеу бақылаусыз болмауы тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 19 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Баға белгілеу бақылаусыз болмауы тиіс» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен селекторлық кеңес өткізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санында жарық көрген «Баға белгілеу бақылаусыз болмауы тиіс» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кеңеске қатысушылар ел өңір­лерінің азық-түлік және же­міс-көкөніс рыноктарындағы ағым­дағы ахуалды, сол сияқты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінен қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралар қабылдау мәселелерін тал­қылады. К.Мәсімов облыстардың, Астана және Алматы қалалары­ның әкімдеріне азық-түлік тауар­лары рыноктарындағы баға белгілеуге бақылауды күшейтуді тап­сырды. Орталық атқару орган­дарына Кеден одағы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар мен ағымдағы ахуалды ескере отырып, ішкі рынокты азық-түлік тауарларымен молықтыру және бағаны тұрақтандыру жөнінен ке­шенді де жүйелі іс-шаралар әзір­леуді аяқтау жүктелді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің түкпір-түкпірінен жүрекжарды тілектерін арнап, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөніндегі шешіміне қолдау білдірген хаттар мен жеделхаттар ағылып келуде. Солардың бірқатары «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып отыр. Мәселен, Алматы қаласынан үндеу-хат жолдаған жастар қоғамдық ұй­ым­дарының бір топ жетекшілері мен жоғары оқу орын­да­рының студенттері: «Жастық ынтасын, жігері мен күш-қай­ратын Қазақ­станның келешек дамуына арна­ғысы келетін Алматы қаласының жастары аты­нан Сіздің сайлауға бай­ла­нысты шешімдеріңізді шын жүректен қолдайтынымызды біл­діре отырып, әрқашанда Сізбен бірге екенімізді жеткізгіміз келеді», - деп жазады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 21-23 ақпанда көрші елге ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Трансшекаралық өзен суларының сапасын қорғау туралы келісімге қол қойылатын болды. Бұл жайында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде кеше Елбасы Жолдауын іске асыру аясындағы экологиялық мәселелерге қатысты министрліктің міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрғали Әшім айтқан. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өткен осы министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «бірде-бір нысанның құрылысы тиісті экологиялық сараптамасыз басталмасын» деген тапсырма берген болатын. Ал кешегі алқа мәжілісінде министр бұл сараптаманың «жұмысты немесе құрылысты ұйымдастыруға тежеу болмауға тиістігіне», алайда «экологияға теріс әсер етуі ықтимал жобалардың барлық кемшіліктерін табанды қарау қажеттігіне» назар аудартты. Мақаланы басылымның сенбілік нөмірінен «Қазақстан жаһан проблемаларын шешуге белсенді қатысады» деген тақырыпта оқи аласыздар.

***
«Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау жақты аралап қайтқан қазақстандық тарихшы Сергей Афанасьев «Шыңғыс ханның сүйегі осы өңірге жерленген болуы мүмкін» деген тұжырым жасап отыр» - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Шыңғыс ханның зираты - Шыңғыстауда» деген мақаласында. Әр елдің археологтарының айтқан әртүрлі жорамалдары бойынша осы күнге дейін Шыңғыс ханның оншақты зираты табылды, бірақ нақты дәлелдер жоқ. Аңыз бойынша оны құпия жерлеген. Моланың үстінен мыңдаған жылқыны айдап өткен. Жерлеуге қатысқан 200 адамды ханның 800 күзетшісі сол жерде шауып өлтірген. Ұлы хан жерленген жерді ешкім білмес үшін әлгі күзетшілердің де бір тәулікке жетпей басы шабылған. Содан бері Шыңғыс ханның зиратын табу үшін миллиондаған доллар қаржы жұмсалды.

«Президенттікке алғашқы кандидат болып Елбасы Н.Назарбаев тіркелді». «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше Орталық сайлау комиссиясына сайлаушылардың қолдары қойылған парақтарды тапсырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына алғашқы кандидат болып тіркелді. Мемлекет басшысын республиканың 16 өңірінен 717 мың 340 сайлаушы, яғни белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 8 пайызға жуығы қолдаған. Н.Назарбаевтың құжаттарын жіті қарап шыққан ОСК оларды "ҚР сайлау туралы" заңының талаптарына сәйкес деп тауып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады.

Осы басылымның «Дат!» айдарында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақовпен арадағы сұхбат «Өнер адамы үшін шекпеннен гөрі шын көңілден айтылған бір ауыз жылы лебіз әлдеқайда қымбат» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазір өнерпаздар «аға, мен бәлен жерге барайын деп едім» дейді, ол «ағасы» бәрін дайындатып қояды. Барады да, әлгі әнші фонограммамен ән айтқан болып, қалтаға конверт салып қайтады. Сонда оның несі халыққа қызмет еткен? Өтірік қой «халық» деп жүргені, айналып келгенде, жеке бастың қамы үшін болып шықпай ма? Міне, менің осыған қарным ашады, осыған қынжыламын», - дейді.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, министр Президентке ауыл шаруашылығы жылының қорытындыларымен және Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты тапсырмаларының жүзеге асырылуы барысымен хабардар етті. Кездесу барысында өсімдік өсіруді дамыту болашағы, саланың бұдан әрі ылғал сақтағыш және су сақтағыш технологияларға көшуі талқыланып, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де әңгіме өзегіне айналды.