10:03, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Баға тұрақты бақылауда - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаровтың төрағалық етуімен кезекті тұрақты кеңес отырысы өтті.
Онда Ұлттық халық санағына дайындық, облыстың тұтыну рыногындағы бағаларды тұрақтандыру, валюта рыногындағы жағдай, 2009 жылға арналған облыс бюджетінің, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің орындалуы, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен аудандар және Қызылорда қаласы әкімдері арасындағы міндеттемелерді бөлісу келісімдерін жасау, Сырдария өзеніндегі су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы мәселелер қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық статистика басқармасының бастығы Бақыт Сапар халық санағының барысы жайлы хабардар етті. Тұтыну рыногындағы жағдай туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жақанов хабардар етті. Басқарма тарапынан тұтыну рыногындағы жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Облыс аймақтарында нан, сүт өнімдерінің, өсімдік майының, көкөністің кейбір түрлерінің бағасы біршама төмендеді. Құс еті 39 теңгеге қымбатады. Ал жанармай бағалары сәл өскенімен, ол республиканың көптеген облыстарымен салыстырғанда төмен. Басқарма бастығы жоспардағы жанармай құю бекеттері салынып пайдалануға берілуімен бұл мәселе оңды шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ валюта айырбастау орындарындағы жағдай да тұрақтанды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Алдоңғаров жалпы тұтыну рыногындағы жағдайдың жаман еместігін, бірақ бір-екі азық-түлік өнімдері бойынша бағаның өсімі барлық атқарылған жұмысқа көлеңке түсіретінін атап көрсетті. Сондықтан тұтыну рыногындағы ахуал жергілікті биліктің тұрақты назарында болуы керек.