Баға тұрақтылығы: Түркістан облысында ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтуде
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысындағы аудан, қалаларда жәрмеңкелер өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түлкібас ауданында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде ет және ұн өнімдері базар бағасынан төмен бағада сатылды. Мәселен, базарда қой еті 2300 теңге және сиыр еті 2500 теңге болса, жәрмеңкеде 1970 теңгеден сатылымға шықты. Ал базардағы 9300 теңгенің I сұрып ұны 8800 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде басқа да өнімдер 15-20% арзан бағада ұсынылды.
Кентау қаласында әр сенбі сайын орталық алаңда жәрмеңке ұйымдастырылып жатыр. Басты мақсат – жергілікті шаруалардың өнімдерін халыққа қолжетімді бағада ұсыну, тамақ өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз жеткізу.
Мұнда қалаға қарасты Қарнақ ауылының шаруалары ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға делдалсыз жеткізді.
Қажетті өнімдерді тиімді бағада алған тұрғындар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.