Бағаны бұрмалайтын кәсіпкерлерге қатаң шара қолдануымыз керек — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізетін заңды қабылдады. Бірақ бұл заңды «Ақ жол» фракциясы қолдамады. Оның себебін құжатта кәсіпкерлердің баға белгілеудегі жауапкершілігін арттыру туралы баптармен байланыстырды.

еділ жаңбыршин
Фото: Мәжіліс

Азат Перуашевтың әріптесі Еділ Жаңбыршин аталған нормалар қарапайым тұтынушылардың құқығын қорғау үшін керек екенін айтты.

— 2023 жылы сәуір айында жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік қадағалау үкіметке берілген. Бүгінге дейін кәсіпкерлерге бірінші рет Заңды бұзғаны үшін 1059 әкімшілік шара қолданған. Бұл — бағаны дұрыс қоймау, бағаны тіпті қоймау немесе сөрелердегі тауарлардың бағасын азайтатын акциялар жазып қояды. Мысалы 50 пайызға деп, бірақ кассаға келген уақытта басқа бағаны алады. Мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату немесе техникалық регламентке сәйкес келмейтін тауарларды сату деген көптеген құқық бұзушылық бар. Осындай кәсіпкерлер біздің арамызда бар. Міне, бұл норма соларға арналған. Енді қараңыз. Сол 1059 айыппұлдан кейін, әртүрлі әкімшілік шаралардан кейін екінші рет бұзғандардың саны азайып кеткен. Бар болғаны 47 факт. Яғни, бұл норма жұмыс істеп тұр деген сөз, — деді депутат.

Сондай-ақ, дамыған елдерде заң бұзған кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылатынынан мысал келтірді.

— Британияның Бирмингем қаласында TESCO деген компания 400 грамм құлпынайдың бағасын дұрыс қоймай 500 мың доллар айыппұл арқалады. Чехияда сыра сататын «Билль» деген компания сөреде басқа баға, кассада басқа баға көрсеткені үшін 280 мың крон айыппұл төлеген. Бұл біздің бағамен есептегенде 6 млн теңгенің үстіндегі ақша, — деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың сөзінше кәсіпкерлердің бағаны құбылтып көрсететін қулығына бірінші кезекте зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы аналар алданып жатыр.

— Сондықтан бұл норма қажет. Кәсіпкерлер дұрыс жұмыс істесе, оларға ешкім айыппұл салмайды. Дұрыс жұмыс істесең, ешқандай мәселе де болмайды, — деді Еділ Жаңбыршин.

Соңғы жаңалықтар