Бағаны негізсіз көтерген әуекомпанияға монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады
Әуекомпания бағаны негізсіз көтерсе, монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.
«Fly Arystan» тарифтік желісі өзгерген жоқ. Алайда халық тарапынан сұраныстың өзгеруі және жолаушылар санының жыл сайынғы өсуі авиабилеттердің түпкілікті құнына әсер етеді. Мәселен, «Fly Arystan» ақпараты бойынша Астана-Ақтөбе бағыты бойынша (қашықтық 1 007 шақырым) ең төменгі тариф 8 581 теңгеден 50 081 теңгеге дейін, Алматы-Атырау бағыты бойынша (қашықтық 2 003 шақырым) 15 328 теңгеден 63 538 теңгеге дейін. Қазақстандық авиатасымалдаушылар сұраныстың маусымдылығы, белгілі бір кезеңдер үшін сұраныстың елеулі ауытқуы, әуе кемесінің түрі, орындардың саны, рейстің ұшу уақыты, сондай-ақ әуе билеттерін сатып алу күні (ұшуға дейінгі күндер саны) сияқты нарықтық факторлар негізінде айқындалатын динамикалық баға белгілеуді пайдаланатынын атап өткен жөн», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Сонымен қатар Премьер-Министр халықаралық тәжірибеге сәйкес әуе билеттеріне баға белгілеу заңмен реттелмейтініне назар аудартады.
«Бұл ретте, егер әуекомпания бағаны негізсіз көтерсе, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады. Осыған, әуе кемелеріне, оларға қосалқы бөлшектер мен техникалық қызмет көрсету құнының артуына қарамастан, қазақстандық әуекомпаниялардың билеттерінің құны өзгерген жоқ», - деді Әлихан Смайылов.