«Бағаны реттеу механизмі әлі жоқ» - Серік Жұманғаринге депутаттың сауалы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде азық-түлік бағасына талдау жүргізетін маркетинг орталығын ашу ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осындай ұсыныспен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауалды Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев жолдады.
«Халық көтеретін мәселелердің маңыздылығы бойынша азық-түлік бағасының өсуі бірінші орында тұр. Халық бұл мәселенің шешілетініне тіпті сенбейді. Өздеріңіз білетіндей, Мәжіліс депутаттары бірнеше рет, оның ішінде депутаттық сауалдар арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселесін көтерді. Біздің соңғы сұрауларымызға Сауда министрлігінің басшылары реттеудің жаңа тетігі әзірленіп жатқаны, тауар өндірушілердің түрлі қауымдастықтармен кездесулер өткізіліп жатқаны туралы жауап берді. Бірақ әлі күнге дейін баға қалай реттелетіні туралы механизм ұсынылмады, сонда механизмі қандай?», - деді Ғалым Әміреев.
Осы орайда халық қалаулысы Үкіметтен азық-түлік бағасына қатысты жедел шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Ел ішінде де, шетелде де азық-түліктің ең төмен бағасы бойынша ақпарат беретін талдау-маркетинг орталығы қажет. Екінші маңызды мәселе – ол тасымалдау. Қазіргі уақытта өте үлкен проблема, астық үшін де, басқа өнімдер үшін де вагондар жоқ. Үкімет кем дегенде бір айға жеңілдік шарттарымен вагондар беру мәселесін шешу керек. Бұл тек әлеуметтік маңызы бар тағамдарға қатысты. Сонда Үкімет аяғын шалыс басудан шаршамай ма? Егер мәселені қалай шешуді білмесеңіздер, онда өңірлерге кедергі жасамаңыздар. Ертең өңірлер кінәлі деп жаба салмаңыздар», - дейді ол.