Бағаның өзгеруіне тарифтер өсімі мен маусымдық жағдай әсер етті - Бишімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарашада инфляция 7,5 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Ресми статистикалық мәліметтер бойынша жыл басына қарағанда қарашада инфляция 7,5 пайызды құрады. Өткен айда азық-түлік тауарларының бағалары 2 пайызға өсті, ал азық-түлік емес тауарлар 0,9 пайызға және ақылы қызметтер 0,5 пайызға жоғарылады. Жыл басына қарағанда қарашада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 11,2 пайызды құрады»,-деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, қыркүйек-қараша кезеңінде ең жоғары өсім тауық жұмыртқасына, яғни 34 пайыз деңгейінде тіркелді. Қара шай - 11,7 пайызға, тауық еті - 5,1 пайызға, ірімшік - 4,4 пайызға өсті.

«Жыл басынан барлық 33 әлеуметтік маңызы бар тауарларды алып қарайтын болсақ, тұтыну бағысының жоғары индексі Астанада, Талдықорғанда, Қарағандыда байқалады», - деді Бишімбаев.

Бұдан бөлек ол биылғы қыркүйек-қарашада бағасы төмендеген тауарларға жеке тоқталды. Осы орайда пияз - 18,5 пайызға, сәбіз - 15,3 пайызға, картоп - 11,1 пайызға, сондай-ақ қант - 9,5 пайызға арзандады.

Оның айтуынша, бағаның өзгеруі тұрғысында ішкі факторларға маусымдық жағдайлар, табиғи монополиялар тарифтерінің өсімі, жанар-жағармай бағасының жоғарылауы ықпал етті. Ал сыртқы факторларға кейбір шикізат түрлеріне әлемдік биржалық бағаның өсуі әсер етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар