Бағдадтағы жарылыстар салдарынан 20 адам қаза тапты
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Сенбі күні Бағдад қаласында жеті автомобильге қойылған жарылғыш заттардың жарылуы мен екі қарулы шабуылдың салдарынан 20 адам қаза болып, 60 адам жарақаттанды,
деп хабарлады ИТАР-ТАСС «Әл-Арабия» телеарнасына сілтеме жасап.
Қаланың әр түрлі аудандарында аз ғана уақыт айырмашылығымен орын алған автомобильдер жарылысы халықтың арасында дүрбелең туғызды. Осы жағдайды пайдаланған қарулы топтар түрме мен ірі сауда орталығына оқ жаудырған.
Иракта террористік актілердің көбеюін Анбар провинциясында 2013 жылдың 21 желтоқсанында басталған лаңкестікке қарсы шаралармен байланыстырады. «Ас-Сахва» сүнниттер жасағының жауынгерлері ұлттық қауіпсіздік күштерімен біріге отырып, елді мекендерді біртіндеп террористердің құрсауынан босатуда. Анбар провинциясы Ирактағы беймаза аудан, ол бұрын «Әл-Каиданың» басты бекінісі болған.