Бағдат Қожахметов: 7 қазандағы жағдай бойынша 74 баладан коронавирус анықталды
«Биыл 2 сәуірден 7 қазан аралығында елімізде 2 551 баладан коронавирус инфекциясы анықталды. 5 қазандағы жағдай бойынша елімізде 138 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды, оның ішінде 52 оқушы кезекші сыныпта ауру жұқтырса, 86 оқушы қашықтан оқу барысында жұқтырған. Тағы бір жағдай мектеп-интернатта анықталды. Онымен байланыста болғандар анықталды, олар 14 күндік карантинде болады», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
Оның айтуынша, 7 қазандағы жағдай бойынша 74 баладан коронавирус анықталды. Олар 1 айлық және 18 жас аралығындағы балалар.
«Коронавируспен ауырған балалар көбінесе ШҚО-да, СҚО-да және Павлодар облысында тіркелді. 9 бала ауруханаға жатқызылды. Жалпы алғанда 32 балада ауру симптомсыз өтіп жатыр. 31 балада ауру өте жеңіл түрде өтуде. 8 балада орташа ауыр деңгейде өтіп жатыр. 1 балада бактерия сипатты пневмония анықталды. Барлығы 46 оқушы бақылауда. 3 бала балабақшаның кезекші топтарында болған», - дейді ол.