Бағдат Мусин 5G интернет туралы: Қолданыстағы 4G-дің сапасын жетілдірсек те жаман емес

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэороғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келесі жылы елдің ең ірі үш қаласында 5G интернет тартылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдат Мусин 5G интернет туралы: Қолданыстағы 4G-дің сапасын жетілдірсек те жаман емес

«Менің ойымша, биыл жыл соңына дейін бірнеше орында – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының кейбір жерлерінде 5G интернет орнатамыз. Ал келесі жылы осы қалаларда тұтастай орнатып шығамыз деген ойдамын», - деді ол Үкімет отырысынан кейін тілшілерге сұхбат бере тұрып.

Айтуынша, басқа өңірлерге 5G интернет жетуі үшін әуелі радиожиіліктердің аукционы жолға қойылуы керек.

«5G интернет жетуі үшін радиожиіліктердің аукционы келесі жылы өтеді. Сол аукцион қорытындысы бойынша жоспарлаймыз. Өздеріңізге мәлім, 5G тарату үшін инвестиция қажет. Құны 5 тиындық нәрсе емес. Сондықтан өңірлерге сол технологияны апару үшін ірі қалалардың ішінде экономикалық негізді табуымыз керек. Операторлар оның негізін көруі керек. Жалпы қазір қолданыстағы 4G-дің сапасын жақсартсақ, ол да жақсы. 4G жақсы істеп тұрса, YouTube-ті де, Tik-Tok-ты да қарай алады», - деді министр.



Фото: t.me/KZgovernment