Бағдат Мусин байланыс операторларының мүддесін қорғай ма

АСТАНА. ҚазАқпарат –Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин байланыс операторларының мүддесін қорғауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдат Мусин байланыс операторларының мүддесін қорғай ма
«Егер мен ұялы байланыс операторларының мүддесін қорғасам, онда біз мемлекет атынан 153 млрд теңге тапқан радиожиіліктерді аукционға шығармас едік. Олар қаражат министрлікке емес, бюджетке кетті. Біздің министрлік қашан да әділ бәсекелестік пен әділ бағаны қолдайды. Әділ бәсекелестік саланы монополиядан арылту үшін қажет. Мен монополиясыздандыру жөніндегі комиссияда «Қазақтелеком» құрылымынан ұялы байланыс операторларының бірін жеке нарыққа және бөлек басқаруға шығару туралы ұсыныс жасаған алғашқы министрлердің бірімін», - деді Бағдат Мусин Үкімет үйінде өткен брифингте.

Сондай-ақ, министр нарықта әділ бәсекелестік болып, сәйкесінше сапаның артуын қолдайтынын айтты.

«Сонда әр оператормен жиі жиналыс өткізудің қажеті жоқ. Қазір әлемде базалық станцияларды операторлар орнатуы керек. Бұл президент немесе министр айтқандықтан емес, олар клиент үшін күресу керек. Байланыс стандарты қолданушылардың талабын қанағаттандыруы тиіс», - дейді ол.

Айта кетейік, министр осыған дейін Қазақстанда YouTube Premium қашан қолжетімді болатынын айтқан еді.