Бағдат Мусин елорданың сол жағалауында интернеттің нашарлау себебін айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елорданың сол жағалауында интернет-байланыстың нашарлау себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Егер үйдегі интернет туралы айтатын болсақ, 2020 жылдың соңынан бері талаптарды енгіздік және құрылыс нормалары мен ережесінде өзгерістер болды. Бұл ретте тұрғын үй кешендері тапсырылған кезде оптикалық желі тартылуы керек. Дегенмен базалық станциялар бойынша проблема бар, яғни тұрғындар осы құрылғылардың орнатылуына қарсы. Біздегі заңнамаға қатысты айтсақ, егер тұрғындар қарсы болса, онда операторлар станцияларды алып тастауға мәжбүр», - деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген Б.Мусин.
Оның айтуынша, операторлар аталған мәселеге қатысты заңнамаға түзетулер енгізуді сұрап отыр.
«Қазір бұл қадамдарды пысықтап жатырмыз. Депутаттармен кеңесіп, тиісті заң жобасын енгізбекпіз. Биыл байланыс саласында бірқатар өзгертулерді де енгіземіз. Бұл жаңашылдықтар байланыс сапасына әсер етеді. Осы орайда операторларға ауылдар мен қала маңындағы байланысты жақсартуына қатысты талаптар болады. Биыл барлық түзету қабылданады деген ойдамын», - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелекомды» демонополизациялау туралы түсінік берді.