Бағдат Мусиннің қызметінен кетуі жеке деректердің таралу фактісіне қатысты ма – депутат пікірі

Мусин
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері депутат Екатерина Смышляевадан Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қызметінен кетуіне қатысты ойын сұрады.

Нақты айтқанда, «Бағдат Мусиннің қызметінен кетуі қазақстандықтардың жеке деректерінің таралу фактісімен байланысты ма?» деген сауал қойылды. 

«Министрдің қызметінен кету себебін ойдан шығарғым келмейді, сондықтан нақты бір пікір айта алмаймын. Сондай-ақ, қазақстандықтардың жеке дерегінің таралуын саяси тұлғалардың келіп, кетуімен байланысты емес деп ойлаймын. Цифрландыру саласын арттырған жерде тәуекел қатар жүреді, оның ішінде жеке деректер де бар», - деп жауап берді Екатерина Смышляева Мәжіліс кулуарында. 

Сонымен қатар халық қалаулысы Бағдат Мусиннің орнына кім келуі мүмкін деген болжамға қатысты ойын айтты. 

«Енді кім министр болады деген сұраққа қатысты алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Кандитат ұсынылған соң талқылайтын боламыз, бізде уақыт бар. Біздің комитет әдетте кандидатпен егжей-тегжейлі сұхбаттасады. Оған тиісті сұрақтар қойылады, салаға қатысты мәселелермен жақсы таныспыз және кандидаттардың жауабына байланысты болады деп ойлаймын», - дейді ол. 

Айта кетейік, 30 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Мусин Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан босатылды

Соңғы жаңалықтар
telegram