Бағдат Мусиннің отставкасы туралы вице-министр пікір білдірді

бағдат мусин
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек бұрынғы басшысы Бағдат Мусиннің отставкасы туралы пікір білдірді.

«Кешегі басшыңыз Бағдат Мусиннің қызметтен кету өз еркімен болды ма, әлде мәжбүрлеп кетірді ме? Министр әлеуметтік желіде өз еркімен кеткенін айтқанымен, оған дейін оны кетіргені туралы жазбалар болған. Отставканың себебі неде деп ойлайсыз?» - деп сұрады журналист Сенат отырысынан кейінгі брифингіде.

Вице-министр бұл туралы нақты ақпаратты білмейтінін айтты.

«Менде ол туралы ақпарат жоқ. Өзі шешім қабылдады. Бізге ештеңе айтқан жоқ», - деді Асхат Оразбек. 

БАҚ өкілдері Бағдат Мусиннің қандай басшы болғанын сұрады.

«Бұл айтарлықтай субъективті пікір болады ғой. Біреуге қатал болған шығар және ондайды жақсы басшы деп қабылдауы мүмкін. Жеке маған дауыс көтеріп айғайлап көрген жоқ. Арамызда жұмыс бабы бойынша өте жақсы байланыс болды», - деді Асхат Оразбек.

Сондай-ақ журналистер Бағдат Мусиннің аяқ астынан жұмыстан кетуіне қазақстандықтардың жеке деректерінің Қытайға беріліп кеткені туралы мәліметтермен байланысын сұрады. Бірақ вице-министр ол жайында ештеңе білмейтінін айтты.

Соңғы жаңалықтар