Бағым, Аңсар, Аслан — 28 жастағы кентаулық келіншек үшем босанды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының тұрғыны Бақытгүл Саттархан үшемді дүниеге алып келді. Бұған дейін бір баласы бар Ермахановтар отбасы бірден төрт сәбилі болды.

Үшемдердің екеуі ұл, біреуі — қыз. Ата-анасы нәрестелерге Бағым, Аңсар, Аслан есімдерін қойған. Олардың бұдан бөлек 2 жасар Асылым атты қызы бар.

Сәбилер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 29 аптасында дүниеге келген. Сондықтан 2 айға жуық дәрігерлердің бақылауында болды. Қазіргі таңда балалардың да және ананың да жағдайы жақсы.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова үшемдердің шаңырағына барып, қала әкімінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, сәбилерге арналған сыйлықтарды табыс етті.

Үшемдердің анасы Бақытгүл Саттархан 28 жаста болса, жолдасы Ерлан Ермаханов 31 жаста. Бүгінде жас отбасы көп балалы болуды мақсат етіп отыр.
Жалпы жыл басынан бері Кентау қаласында 765 сәби дүниеге келген. Олардың ішінде 18-і егіз бар.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында жетінші үшем дүниеге келгенін жазған болатынбыз.