Бағынышты әскери қызметшілерді соққыға жыққан лейтенант сот алдында жауап береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2016 әскери бөлімі «Пешной» техникалық бақылау торабының бастығы лейтенант Ж.Байбуринң өзіне бағынышты әскери қызметшілерді соққыға жыққандығы үшін сот алдында жауап беретін болады, деп хабарлады Бас әскери прокуратура баспасөз қызметінен.
Ведомство ақпаратына қарағанда, ағымдағы жылдың қаңтарында Батыс аймақтық әскери прокуратураның WhatsApp бағдарламасы арқылы сенім телефонына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2016 әскери бөлімі «Пешной» техникалық бақылау торабының бастығы лейтенант Ж.С.Байбурин өзіне бағынышты әскери қызметшілерді соққыға жыққандығы туралы домалақ арыз түскен.
"Хабарды алған бетте әскери прокуратура қызметкерлері тез арада бақылау торабына шығып, онда жүргізілген дене тексеруінің нәтижесінде 3 әскери қызметшінің денесінен әр түрлі жарақаттары анықталған, сондай-ақ сарбаздар өздеріне қатысты бастық тарапынан күш қолдану фактілерін растаған»,- делінген хабарламада.
Аталған оқиға бойынша Батыс аймағының әскери прокуратурасымен лейтенант Ж.Байбуринге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1 бабы 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу аяқталып, айыпталушы Ақтөбе гарнизонының әскери сотына берілді.