Бахмутова медициналық сақтандыру қорына жарна қалай аударылатындығын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері қаралды.

Бахмутова медициналық сақтандыру қорына жарна қалай аударылатындығын түсіндірді

Отырыста аталған мәселе жайында негізгі баяндама жасаған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Елена Бахмутова жұмысшылардың неліктен 2019 жылдан бастап жарна аудара бастайтындығын түсіндірді.

«2019 жылдан бастап жұмысшы жарна төлей бастайды. Ал жұмыс беруші бұл уақытта жаңа норма бойынша 1,5 пайыз төлеп отырады. Естеріңізге сала кетсем, жеке кәсіпкер ең төменгі 2 жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна енгізеді. Басқа санаттағылар Заңдағы өзгерістерге сәйкес айлық жалақыдан 5 пайыз төлесе, жеңілдігі барларға мемлекет 2017 жылы орташа жалақыдан 4 пайыз аударады», деді ол.

Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап жұмыс беруші 1 пайыз, ал 2022 жылы 3 пайыз мөлшерінде жарна аударады. Соның нәтижесінде 2017-2020 жылдары аралығында жұмыс берушіге жүктеме біршама жеңілдейді.

«Бюджет жүктемесі де біршама жеңілдейді. Атап айтқанда, максималды ставка 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан мемлекет 3,75 пайыз ғана  жарна төлейді. 2022 жылдан бастап 4-тен 5 пайызға дейін артуы мүмкін. бірақ бұл республикалық бюджетті қарау аясында шешіледі»,-  деді Бахмутова.