БАҚ басшыларына 140-тан астам этносаралық сипаттағы заңсыздықтар туралы ұсыным жолданған
«Комитет этносаралық тақырыптағы арандатушылық мәні бар жарияланымдарды анықтау бағытында әлеуметтік желілерге тұрақты талдау мен мониторинг ұйымдастырады. Осы мақсатта біз этносаралық қатынастар саласындағы арандатушылық сипаттағы материалдарға ақпараттық ден қою алгоритмін бекіттік. Ол бойынша аталмыш жарияланымдардың авторларына алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайда, материалдар құқықтық шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі», - деді Ғалым Шойкин Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы кеңес отырысында.
Сондай-ақ, ол жыл басынан бері мұндай материалдарды жариялауға жол берген интернет-ресурстардың меншік иелері мен әкімшілерінің атына 148 факті бойынша заңсыздық жою туралы ұсынымдар жіберілгенін атады.
«Сонымен қатар, барлық деңгейдегі БАҚ өкілдері үшін этносаралық тақырыпты ақпараттық жария етудің өзекті мәселелері мен ерекшелігі, өшпенділік тілінің, оның ішінде әлеуметтік желілер мен интернет-кеңістікте таралуының алдын алу бойынша оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылуда. Ол үшін этносаралық тақырып бойынша арнайы терминологиялық глоссарийлер, журналистерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді», - деп түйіндеді комитет төрағасы.