БАҚ: исламшылар мұнай сатып, күніне миллион доллардан табыс табуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирак пен Сирия аумақтарындағы өздерінің бақылауындағы жерлерде ислам халифатын құру туралы жариялаған «Ислам мемлекеті» тобының содырлары басып алған кеніштерден мұнай сатудан күніне миллион долларға тарта табыс табуда.
Бұл туралы ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі The Telegraph-қа сілтеме жасап хабарлайды. Басылымның мәліметтерінше, олардан мұнайды Түркия мен Иран сатып алуда. Сарапшылар бұрын «Ирак және Леванта Ислам мемлекеті» ретінде белгілі топтың содырлары мұнайды өте арзан бағамен - баррелін 25 долларға сатуда деп пайымдайды. Лаңкестердің мұнай мәмілесінің орталығы Ирак Күрдістанының шекарасына орналасқан Туз-Хурмату қаласы болып отыр.
Ирактың мұнай индустриясы жөніндегі маманы Шван Зулал содырлар өздері басып алған 240 шаршы шақырым аумақтағы негізгі кеніштердің мұнайын пайдалануда деп мәлімдеді. Атап айтқанда, исламшылар Байджи қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауыты мен Киркук-Джейхан мұнай құбырының бір бөлігіне бақылау жасауда. Тағы бір сарапшы - Maplecroft компаниясының талдамашысы Джордан Перридің айтуынша, «Ирак және Леванта ислам мемлекетінің» (ИЛИМ) содырлары егер де шынында күніне миллион доллар табыс тауып отырса, бұл олардың кірістер ағынына бақылау жасап отырғанын білдіреді, оның көмегімен қарулар сатып ала алады және жергілікті әскерилер мен шейхтардың ықыласына бөленеді.
Ирактағы дағдарыс маусымның басында ушықты. «Соңғы кездерге дейін Сирияда соғысқан ИЛИМ тобының содырлары маусым айында Ирактың солтүстік және батыс аудандарына шабуылға басшылық етті. Оларға Ирак сүнниттері, Саддам Хусейн армиясының әскерилері және ұсақ лаңкестік топтар қосылды. Соңғы апта ішінде ИЛИМ Ирактың бірнеше қаласын және Сирия мен Иордания шекарасындағы аумақты басып алды. Бұл топ 29 маусымда өздерінің бақылауындағы Ирак пен Сирия аумақтарында ислам халифаты құрылғанын жариялады. Оның халифы болып содырлар көшбасшысы Абдалла Ибрагим ас-Самараи жарияланды, ол Әбу Бәкір әл-Бағдади ретінде де танымал. Ал топтың өзі атауын «Ислам мемлекеті» деп өзгертті. Өзін-өзі жариялаған халифат қазірде Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласынан Ирактың шығысындағы Дияла провинциясына дейін созылып жатыр.