БАҚ-қа әкімшілік жүктемелерді азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалады - Дәурен Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде мемлекет пен БАҚ, масс-медиа мен азаматтардың арасындағы өзара байланыстың маңыздылығы да артты. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БАҚ-қа әкімшілік жүктемелерді азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалады - Дәурен Абаев

«Коммуникациялық технологиялар жедел дамыған қазіргі уақытта онымен байланысты салалар да күрделі өзгерістерге түсуде. Басқасын айтпағанда, ақпарат деген ұғымның өзі де өзгеріп, ауқымы кеңейіп келеді. Күн өткен сайын ақпаратты таратудың жаңа арналары мен құралдары пайда болуда. Сонымен бірге, мемлекет пен БАҚ, масс-медиа мен азаматтардың арасындағы өзара байланыстың маңыздылығы да артты. Осы аспектілер бұл сала субъектілерін одан әрі дамыту үшін заңнаманы бейімдеудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған сай 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық және Үкіметтің 2017 жылға заң шығару жоспары бойынша жаңа заң жобасы әзірленді. Ақпарат және коммуникациялар мәселелерін қамтитын бұл жобада 12 заң мен 4 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген»,- деді министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндамасында.

Осы орайда Д. Абаев заң жобасында қарастырылған басты бағыттарға кеңірек тоқталып өттті.

«Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан ары қалыптастыру қарастырылып отыр. Соның ішінде әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында жеңілдіктер жасалады. Атап айтқанда, аздаған құқықбұзушылықтар үшін газеттің тиражын тәркілеу немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде. Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға жауапкершілік жүктейді»,-деп түсіндірді ведомство басшысы.

Тағы бір мәселе, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін қандай жағдайда рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды.

«Мысалы, көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларда жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты. Сонымен қатар қазақстандық контентті одан ары қарай қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда»,- деді министр.

Атап айтқанда, қазақстандықтардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасын реттеу шаралары қарастырылады. Бұл ретте зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты, оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу ұсынылып отыр.

«Сонымен қатар күмәнді ақпаратты жариялауда туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін өзгерту жоспарлануда. Бұл мәселеде тараптардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету маңызды. Бұған қоса, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі де ескеріледі. Мемлекеттік тілдегі жарнамалардың тең бөлінуіне, сондай-ақ балаларға арналған діни және ағарту телебағдарламалары сияқты ұғымдарды нақтылау бойынша шешімдер ұсынылуда»,- деді Дәурен Абаев.