БАҚ-қа жастарды тарту үшін әлеуметтік желілерді пайдалану тиімді - ҚазАқпарат басшысы Дәурен Дияров
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - БАҚ-қа жастарды тарту үшін әлеуметтік желілерді пайдалану тиімді. Минскіде XV Дүниежүзілік орыс баспасөзі конгресіне қатысқан «ҚазАқпарат» агенттігінің басқарма бастығы Дәурен Дияров БЕЛТА тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
Бүгін конгрестің жалпы отырысында талқыланып жатқан тақырыптардың бірі - дәстүрлі БАҚ және әлеуметтік желілердің өзара ықпалдастығы. «Әлеуметтік желілермен санасу және қызмет істеу керек, бірақ, оларды бәсекелес ретінде қарастыруға болмайды. Олар дегенмен ақпарат көзі болып санала алады, бірақ 80% жағдайда ол жөнсіз болмақ. Оны оқыған адамдар растау үшін ресми БАҚ-қа хабарласады. Ал мемлекеттік баспасөз жариялаған жаңалық таласы жоқ шындық болып табылады», - деді Дәурен Дияров.
«ҚазАқпарат» агенттігінің тәжірибесіне қатысты Д.Дияров: «Біз өзіміз әлеуметтік желілерге қатысамыз, оларға ақпарат көзі ретінде қызмет етеміз. Олар бізге ақпаратты таратуға, ресми баспасөзді жиі оқымайтын жастарға жеткізуге көмектеседі», деп атап көрсетті.
Дәурен Дияров, сондай-ақ, конгрестен өзінің не күтерін де бөлісті: «Бұл әрі ескі достармен кездесу, сонымен қатар тәжірибе, мысалы, ақпарат берудің жаңа мультимедиялық трендтерімен алмасуға мүмкіндік».
Орыс баспасөзінің дүниежүзілік конгресі өз жұмысын 23 маусымға дейін жалғастырады. Форумға қатысушылар 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Ұлы Отан соғысы басталуының кезекті жылдығын еске түсіруге арналған іс-шараларға қатысып, Несвиж, Брест қамалын аралауды жоспарлап отыр. Конгресс бағдарламасында «Беловеж нуы» ұлттық саябағының «Вискули» резиденциясын аралау да қарастырылған.
Орыс баспасөзінің XV Дүниежүзілік конгресі Орыс баспасөзі Дүниежүзілік қауымдастығы (ОБДҚ), Ресейдің ИТАР-ТАСС агенттігі, БЕЛТА ақпарат агенттігі, Ақпарат министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және басқа да Беларусь елінің мемлекеттік органдарының қолдауымен ұйымдастырылды.