БАҚ: Қазақстандықтар Ресейдегі президенттік сайлаудың қорытындысына букмекерлік ставкалар қоюда
АСТАНА. 29 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Ресейдегі президенттік сайлаудың қорытындысына букмекерлік ставкалар қоюда.
Бұл туралы бүгін «Экспресс К» газеті жазды.
Құмар ойынға әуес қазақстандықтар Ресейдегі президенттік сайлаудың нәтижесіне букмекерлік ставкалар жасауда. Бірнеше күн бұрын Астанада бизнесмендердің бірі Владимир Путин президенттік сайлауда электораттың 51,25 пайыз даусын жинайтындығына 5 миллион теңге бәс тіккен.
«Әдетте футбол матчтарына бәс тігетін біздің клиенттер қазір бірі қалмай Ресейдегі президенттік сайлаудың қорытындысына ставкалар қоюда», - дейді елордадағы букмекерлік кеңселердің бірінің директоры Виктор Демьянов.
«Кез келген кандидаттың жеңісіне бәс жасауға болады, тек Владимир Путиннен басқасына. Мысалы, егер бiреу Михаил Прохоровтың жеңісіне ақша тіксе, бiз қойылған әрбір теңгені 555 есе үлкейтуге дайынбыз. Ал қисынды ойлайтын клиенттер Путиннің қанша дауыс жинайтындығына қоя алады. Бірнеше күн бұрын Астанада бизнесмендердің бірі Владимир Путин президенттік сайлауда электораттың 51,25 пайыз даусын жинайтындығына 5 миллион теңге тікті. Егер фаворит сайлауда жеңіске жетсе, ол адам 2,5 миллион теңге ұтады (коэффициент 1,57). Ресей Үкіметінің басшысы «араб көктемінің» қылаң бере бастаған тұсын пайдаланып, өзінің позициясын нығайтып алды, сонымен қатар оппозиция шерулерінен саяси пайда көрді.
«Отандық букмекерлік кеңселер халықаралық серіктестердің ставкаларын қайталайтындығын ескерсек, батыс ойыншылары Путиннің осыншама мөлшерде дауыс жинайтындығына күмән келтіріп жатыр деген сөз. Сонымен қатар букмекерлер сайлауда Прохоров-Миронов дуэлінде қай жеңгеніне бәс тігуді де ұсынады. Қалай дегенмен қазақстандықтардың дені Ресейдегі сайлау науқанын футбол матчтары сияқты жіті бақылап отыратын болады», - деді ол.