БАҚ қызметкерлері «Театр және ақпарат» жүлдесімен марапатталды
АЛМАТЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтың 80 жылдығына арналған «Театр көктемі - 2011» фестивалінің жабылу салтанаты өтті.
Онда Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі Есмұқан Обаев «Театр көктемі - 2011» фестивалін және театрдың бір жылдық жұмысын насихаттағаны үшін бір топ бұқаралық ақпарат қызметкерлерін «Театр және ақпарат» жүлдесімен марапаттады. Халықаралық театр күні мұндай жоғары мәртебеге биыл «Мәдениет» журналының тілшісі Ақмоншақ Ақмет, «Вечерный Алматы» газетінің тілшісі Индира Сәтбаева, «Түркістан» газетінің тілшісі Гүлзина Бектасова, «Алматы ақшамы» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Өтеш Қырғызбай, «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Жазира Елшібек және «Хабар» телеарнасының продюсері Қымбат Досжан ие болды.