БАҚ өкілдері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік журналистік жұмыстарға байқау жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік журналистік жұмыстарға байқау жариялайды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Байқау қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтауға және нығайтуға бағытталған.
Байқауға қатысу үшін 2016 жылғы 1 қаңтардан 1 маусымға дейін жарияланған немесе эфирге шыққан материалдар, сондай-ақ жарияланымдар циклдері қабылданады. Байқауға ұсынылатын жұмыстардың саны шектелмейді.
Материалдар казақ немесе орыс тілдерінде төмендегі аталымдар бойынша қабылданады:
- «Үздік телевизиялық жұмыс»;
- «Үздік баспа жарияланымы»;
- «Үздік интернет жарияланымы».
Байқау комиссиясы қатысушылардың материалдарын 2016 жылдың 1 маусымына дейін қабылдайды. Байқаудың нәтижесі құжаттар қабылдау рәсімі аяқталғаннан кейін қорытындыланатын болады.
Байқаудың нәтижесін қорытындылау кезінде мыналар ескерілетін болады:
- материалдардың өзектілігі және көрсетілген тақырыпқа сәйкестігі;
- мәселені талдаудың жаңашылдығы мен тереңдігі, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға әсері;
- мазмұндау стилі;
- авторлық тұжырымдаманы беру мәнері және дербестігі.
Байқауға қатысу үшін материалдар келесі мекен-жай бойынша қабылданады: 010000, Астана қаласы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі, Абай даңғылы, 33а, 12-қабат, 1205 кабинет, тел.: +7 (7172) 75-34-08, 75-34-53, сот: +77027437177.
БАҚ өкілдері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік журналистік жұмыстарға байқау туралы Ережемен https://kyzmet.gov.kz/ru/news/polozhenie-o-konkurse-dlya-predstaviteley-sredstv-massovoy-informacii-na-luchshie сілтеме бойынша бойынша танысуға болады.