БАҚ өкілдері арасында тұңғыш рет «БАҚ лига» біріншілігі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл БАҚ өкілдері арасында тұңғыш рет «БАҚ лига» біріншілігі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ өкілдері арасында тұңғыш рет «БАҚ лига» біріншілігі өтеді

Алғашқы бәсекелер 10 желтоқсан күні Алматы мен Астана қалаларында бастау алады.

Алматы қаласы бойынша «БАҚ лиганы» ұйымдастыруға жауапты Рауан Оқастың айтуынша, қазірдің өзінде 9 командадан өтініш келіп түскен.

Олар: «Қаламгер» «Болашақ газеті» «Нұрлы гол» «Талғар газеті» «Жетісу телеарнасы» «Алматы телеарнасы» «СДУ журфак» «Проспорт сайты» және «Қазақстан телеарнасы». «БАҚ лигаға» қатысуға өтініштер қабылдау аяқталды. Барлық команда 2 ай бойы өзара мықтыны анықтамақ. Яғни, «БАҚ лига» ойындары 8 турдан тұрмақ. Аталған біріншілікке бей-жай қарамай, атсалысып жатқан командаларға ризамыз. Әсіресе, Алматы облысынан қосылған «Жетісу телеарнасына», оның басшысы Бейсен Құранбекке ризамыз. Бұл біріншіліктің өткенін бұрыннан қалап жүргендер көп болатын. Ал оның өтуіне мұрындық болған Астана қалалық футбол федерациясына алғысымыз шексіз»,- дейді ұйымдастырушы Рауан Оқас.

Рауан Оқастың айтуынша, Алматы қаласы бойынша «БАҚ лиганың» жеңімпазына арнайы әзірленген кубок табысталады. Аталған кубок ауыспалы болмақ. Яғни, келесі жылы қайта сарапқа салынатын болады. Сондай-ақ үздік үштікке кірген командаларға медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Ал «БАҚ лигаға» қатысатын танымал журналистердің қатарында Аманкелді Сейітхан, Жанарбек Әшімжан, Срайыл Смайыл, Есболат Айдабосын, Жандос Айтбайұлы сияқты азаматтар бар.