БАҚ өкілдеріне баспана бұйыра ма? - баспасөзге шолу
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 маусым, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде өз технопарктерінің желісін дамыту үшін кешенді заңнамалық базасын жасап алған бірінші ел екенін екінің бірі біле бермес. Дегенмен, мемлекетімізді инновациялық тұрғыда дамыту жолында отандық технопарктердің жұмысын жолға қоюдың маңыздылығы көп айтылып жүр. Және ұлттық ақпараттық технопарктердің қызметі мемлекет назарынан тыс қалып көрген емес. Оған қоса, ұлттық технопарктерден бөлек, өңірлік технопарктердің қызметінің өркендеуі өзекті болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймағында онға тарта технопарк бар.
Бұл туралы кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары аясында «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағын аралағандығы туралы жазылған «Егемен Қазақстанның» «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Озық технологиялар сатып алу озып кеткенімізді білдірмейді» деген мақаласында айтылады.
Газеттің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағының (ЕЭА) қазіргі қызметімен, сондай-ақ, кәсіпорындардың еркін экономикалық аймақ аясындағы өндірістік қызметімен танысты. Мемлекет басшысына «SAT&Co», Қазақстан-Британия техникалық университеті, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «Hewlett Packard» секілді ұйымдар іске асыратын технопарк құрылысының екінші кезектегі жобалары ұсынылды.
Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев атқарылған жұмыс туралы есеп берді, сондай-ақ, «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағының даму жоспарлары туралы хабардар етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ЕЭА-ға 87 компания тіркелген. Күтіліп отырғандай, 2020 жылға қарай технопаркте жұмыс істейтін кәсіпорындардың жалпы саны 250-ге жетпек, олардың жиынтық табысы жылына 150 миллиард теңгені құрайды, осы орайда 50 мың жұмыс орны ашылатын болады.
Газет тілшісінің жазуынша, Мемлекет басшысы бұған дейін де ең озық технологияларды сатып алу бәсекеге қабілетті елдердің ешқайсысынан озып кеткенімізді білдірмейтіндігін айтып келеді. Өзге мемлекеттер орасан қаржы салып, ақыл-ойын жұмсаған дүниелерге қайтадан еңбекті еш етудің қажеті жоқтығын да атап көрсеткен. Ал біздің ұлттық технопарктердің міндеті - келешекте Қазақстан экономикасын бәсекеге қабілетті етуге бағытталған жаңа салалар құру, жоғары ғылыми-технологиялық әлеуеті бар кәсіпорындар мен өндіріс орындарын жасақтау. Әрине, отандық технопарктердің жартысы бизнес-инкубаторларға ие. Мұның бәрі ғылыми ізденістерге иек артқан шағын және орта бизнесті біртіндеп жоғары баспалдақтарға жетелеуі тиіс. Себебі біреу-ақ - мұның игілігін көруді көксеп отырған еліміз бар...
Басылымның жазуынша, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің кеше Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында: «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады», деген сөз айтылғанда Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті аудиториясына жиналған жұртшылық разылықпен қол соқты. Олай болатын жөні де бар.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарих - кім-кімнен де жоғары ұғым», деген ойы кеше Мемлекеттік хатшының баяндамасында барынша таратылып айтылды.
Отырысқа Президент Әкімшілігінің, министрліктердің жауапты қызметкерлері, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, белгілі тарихшылар, жазушылар, тарих факультеттерінің декандары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
«Баяндамада ғылымның рөлі өзгергені қадап көрсетілді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес. Ендігі жерде тарихшы «пайымдаушыға» - зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс», - деп жазады мақала авторы.
«Біздің тарихнамамыз өзінің әдістемелік және тілдік құралын қатты өзгертуге тиіс. Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болады», деген Мемлекеттік хатшы ұлттық тарих мәселелерімен талайдан және нақтылы айналысып жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынғанын жеткізді.
Мақалада автор осы бадарламаға толық тоқталып, Мемлекеттік хатшының баяндамасын егжей-тегжейлі талдайды. «Тарих толқынындағы халық» деген тақырыппен берілген мақала «Егемен Қазақстанның» «Мемлекеттік мәселе» тақырыбымен берілген.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі тұрақты айдар - «Ой-көкпардың» талқы сауалы «Жемқорлық жайлы ақпарат бергендерге сыйақы тағайындау негізді ме?» деген тақырыпқа арналады. Бұл арада елімізде 2012 жылдың 23 тамызында қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен азаматтарды көтермелеу туралы қаулыға байланысты мәселе қозғалып отыр.Оған сәйкес, аса ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемін, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша - 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша - 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша 100 АЕК-ті құрайды.Бұл шараны қолдағанҚазақстан ғалымдары одағының президенті, экономика ғылымының докторы, профессор Оразалы СӘБДЕН: «Біз қайткен күнде де жемқорлықпен күресті күшейтуіміз керек. Өйткені жемқорлық бар жерде қоғам дамымайды. Сондықтан қоғам болып жемқорлықты тыюға атсалысуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда жемқорлық жайлы ақпарат бергендерге сыйақы тағайындау орынды. Өйткені қазір жемқорлық араласпаған сала қалмады. Балабақшаға баланы орналастырудан бастап, мемлекеттік сатып алулар, яғни тендер өткізу кезінде де жемқорлықтың неше атасы орын алып жатыр. Қазір жемқорлық жайлы хабарлаған ақпаршыларды қорғау және көтермелеу АҚШ, Ұлыбритания, Ямайка, Индия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка елдерінде сәтті жүзеге асып жатыр. Біз де осы елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, осы бастаманың кем-кетік тұстарын жетілдіруіміз қажет. Сондай-ақ жемқорлыққа барғандарға жазаны күшейтуіміз керек», - дейді. Ал саясаттанушы Расул Жұмалы сыбайлас жемқорлық фаткісін хабардар еткендерді сыйақымен марапаттау формалдық сипатқа ие болып, оның өзі бюджеттен ақша ұрлау жолына айналмасына кім кепіл деген күмәнін білдіреді.
Ал, газеттің «Қоғам» бетіндегі «Қаржы пирамидасының жолы кесіледі» деген мақаладан әлемде алаяқтардың арбауына түсіп, қаржылық пирамидаға қатысатындардың ұзын саны 10-15 млн адамды құрайтыны, Қазақстанның өзінде басқасын айтпағанда «МММ» аталатын пирамиданың cегіз кеңсесі қызмет етсе, соңғы үш жылда мұндайдың заңсыз қызметіне қатысты 61 қылмыстық іс қозғалып, жапа шеккендер саны төрт мыңға жуықтаған, сөйтіп, азаматтардың 767 млн теңгесі пирамиданың құлқынына кеткені жайлы мәліметтен қанық боласыздар. Мұндай жайтты болдырмау үшін Бас прокуратура арнайы заң жобасын әзірлепті. Ендеше, Қазақстанда қаржы пирамидаларына тыйым болады. Кеше құжатты Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. «Сонымен жаңа заң бойынша, Қылмыстық кодекске қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметін ұйымдастыру, оның қызметіне басшылық жасаушыларға жауапкершілік қатаяды. Бұл ретте қаржылық пирамиданың ұғымы заңнамалық тұрғыдан нақтыланады. Жалпы, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жете түсіну керек, сосын онымен күресте басқа да заңды бизнестерді шарпып кетпеуіне баса мән беріледі. Сол үшін қаржы пирамидаларының, осындай ұйымдардың қаржылық қызметтері туралы ақпараттар, табысты алудың нақты көздері тексеріледі», - дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель.
Газеттің «Дода» бетіндегі «Балуан қыздар бабында екен» деген мақала жұртшылықтан сүйінші сұрайды. Италияның Сассари қаласында әйелдер күресінен Golden Gran Prix додасының аясындағы халықаралық турнирде Қазақстан балуандары сәтті өнер көрсетті. Қазақстан әйелдер құрамасы турнирге толық құрамда қатысты. Бас бапкеріміз Гүзел Манюрова әр салмақта бір-бір балуаннан қойған екен, бесеуі жүлдеге ілікті: оның ішінде бір алтын, бір күміс және үш қола. Атап айтсақ, қарсылас шақ келтірмей, барлық бәсекелесінен басым түскен Татьяна Аманжол турнир жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Эльмира Сыздықованың да өнер көрсетуін сәтті деуге болады. 72 келіде Гүзел Манюрованың орнын басқан аруымыз әзірге бас бапкердің сенімін ақтап жүр. Сассаридегі турнирде финалға дейін жетіп, күміс медальмен күптелген Сыздықова мамандардың жоғарғы бағасын алды. Бұл екеуінен бөлек, тағы үш қызымыз жүлдеге ілікті. 55 келідегі Гүлшахарат Таласова, 59 келідегі Джулия Сәтімбекова және 67 келідегі Зарина Құнанғағарова қола жүлдеге қол жеткізіп, қоржынымыздағы жүлде қорын молайтты. Сөйтіп, бір алтын, бір күміс және үш қола медаль еншілеген Қазақстан әйелдер құрамасы жалпыкомандалық бейресми есепте боз кілем иелері Италиядан кейінгі екінші орынды иемденді.
***
Кеше Парламент қабырғасында, «жетімбұрыш» жағалаған журналистердің жайы көтерілді. Және күтпеген жерден сенаторлар БАҚ өкілдерінің жігерін жасытып, әбден күйзелткен бұл проблеманың шешілуіне ықпал етуге белсеніп шықты! Бұл туралы «Айқын» газеті «БАҚ өкілдеріне баспана бұйыра ма?» атты мақаласында жазып отыр.
Автордың жазуынша, жергілікті әкімдіктер мемлекеттік қызметшілерге, бюджет қызметкерлеріне, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, көп балалы не жалғызбасты аналарға және басқаларына мемлекеттік қордан, арендалық үй береді. Бірақ БАҚ өкілдері осы санаттардың бірде-біреуіне кірмейді. Ал сонымен бірге мемлекеттік идеологиялық жұмысты атқаратын, халық пен билік арасында түйінді мәселелерді түсіндірер «араағайын», жаршы ретінде жүретін журналистерге жүктелген жауапкершілік шенеуніктерден артық болмаса, кем емес.
-Баспана мәселесі біздің ең жанды жерімізге тиіп отырған мәселе, - деп мәлімдеді «Хабар» Агенттігі басқарма төрағасы Айдос Үкібаев. - Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, біздер мәртебе жағынан мемлекеттік тұрғын үй туралы бағдарламаларға да, соны реттейтін заңдарға да - ешқайсысына кірмейміз. Өйткені бізде статус жоқ, бізге қарастырылған санат та жоқ. Нәтижесінде, заң жүзінде пәтер алуға мүмкіндігіміз жоқ. Біз мысалы, әкімдікке хат жазамыз, олар бізге жауап қайырады: «Сіздер мемлекет үй беретін бағдарламалардың ешқайсысына кірмейсіздер!» деп қысқа қайырады.
Бұл мәселеде журналистер күтпеген жерден сенаторлар тарапынан қолдау тапты: - Мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр, - деді Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов. - Бұл өзі өте күрделі мәселе. Оны шешу үшін құқықтық база қалыптастыру керек болса, Парламент тарапынан басқа да көмек қажет болса, онда ұсыныстарыңызды беріңіздер! Министрлікпен отырып, өздеріңіз де ақыл қосып, әзірлеңіздер. Қандай шешу жолдары бар? Ол үшін қандай құқықтық база керек? Соны айтыңыздар. Өйткені өте күрделі түйін. Әсіресе, қазір жас, дарынды журналистерді ақпарат құралдары саласына молынан тарту үшін, осында тұрақтандыру үшін осындай база керек! Келіңіздер, екі жақтап, бұл мәселені шешейік. Біз де бір жағынан қарастырайық. Содан Үкіметке ұсыныспен шығайық! - деді комитет басшысы.
Егер сенаторлар сөзінде тұрса, осы түйіні шиеленісіп, әбден жауыр болған мәселенің шешілуіне ықпал етсе, бұл сайып келгенде, отандық идеология саласын дамытуға серпін берер еді! Әйтпесе ақпарат құралдары өкілдері иығына түсер жүк жыл өткен сайын артып барады. Ал иықты езген баспанасыздықтың ауыртпалығы жеңілдер емес.