БАҚ орталық және жергілікті мемлекет органдарының жұмысын ақпараттық тұрғыда бақылауға алуы тиіс - ҚР Мемлекеттік хатшысы

АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын ақпараттық тұрғыда жариялап-көрсету мәселесі жөнінде республикалық БАҚ басшыларымен кеңес өткізді.

БАҚ орталық және жергілікті мемлекет органдарының жұмысын ақпараттық тұрғыда бақылауға алуы тиіс - ҚР Мемлекеттік хатшысы

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарланды.

Бас редакторлармен бірлесіп, ақпараттық жұмысты ұйымдастырудың және жүргізудің қадамдары талқыланды.

Кеңес барысында Мемлекеттік хатшы отандық БАҚ өкілдеріне мемлекеттің экономикалық саясатының стратегиялық бағыттарын, жедел шешуді қажет ететін өзекті және өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жариялап-көрсетуге назар аударуды ұсынды.

Сондай-ақ, мәдениет, ақпарат және идеология салаларындағы мемлекеттік органдар қызметі қаралды. Мемлекет басшысы айтқан сын-ескертпелер мен алға қойған міндеттер аясында бұл жұмысқа өзгерістер енгізу қажеттігі атап өтілді. Іс-шарада әлеуметтік-экономикалық тақырып бойынша журналистердің арнаулы пулдарын құру туралы шешім қабылданды. Бұған қоса, арнаулы репортаждар жасау арқылы Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындау тақырыбында мемлекеттік органдар басшыларының брифингтерін өткізу жүйесі жөніндегі ақпараттық материалдар мен жаңалықтарды әзірлеу және жеткізу форматтары жаңартылды.

«Мемлекет басшысы сын тезіне алды, айқын міндеттер қойды және нақты мерзімдерді белгілеп берді. Бұқаралық ақпарат құралдары орталық және жергілікті мемлекет органдарының жұмысын ақпараттық тұрғыда бақылауға алып, осы бағытта не істелініп жатқаны туралы жұртшылықты жедел хабардар етіп отыруға тиіс», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы М.Тәжин.

Кеңес қорытындысында мемлекеттік ақпараттық саясатқа жауапты мемлекеттік органдарға Қазақстан Президентінің сыни ескертпелері мен тапсырмаларын іске асыру аясында тиімді үйлестіру және БАҚ-пен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.