18:39, 03 Қазан 2012 | GMT +5
БАҚ орын алған жағдай туралы халықты барынша объективті ақпараттандыруы қажет - Д.Мыңбай
АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдары орын алған жағдай туралы халықты барынша объективті ақпараттандыруы қажет. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Әлеуметтік қауіпсіздік және БАҚ» тақырыбындағы семинар барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай айтты.

Оның пайымынша, бүгінде елімізде еңбек қарым-қатынастарымен байланысты кикілжіңді жағдайлардың алдын алуда және оны еңсеруде айтарлықтай тәжірибе жинақталған. «Жұмыспен қамту - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020» сынды мемлекеттер бағдарламалар жұмыс істеп, жеңілдікпен несиелер бөлінуде.
«Бұл орайда мен бұқаралық ақпарат құралдары орын алған жағдай туралы халықты барынша объективті ақпараттандыруы, мемлекет жұмысының логикасын түсіндіруі, елдің әрбір азаматына нақты ақпараттың жетуі, халықпен кері байланысты жүзеге асыруы қажет деп санаймын», - деді Д.Мыңбай.