БАҚ пен оның өкілдеріне салынатын айыппұл көлемі тым үлкен - С. Матаев

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының медиа заңнамасын реформалаудың келешегі» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысы бойынша журналистерге берген сұхбатында Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев осылай мәлім етті.
Еске сала кетсек, «дөңгелек үстел» барысында медиа заңнаманы жетілдіру келешектері талқыға түсіп, оның ішінде ҚР Бас прокуратурасы әзірлеумен айналысып жатқан Қылмыстық Кодекс жобасы шеңберіндегі қамтылуы мүмкін нормалар жайында әңгіме өрбіген болатын.
«Жалпы, мұндай басқосулар, конференциялардың қажеттілігі айқын. Өйткені, БАҚ заңнамасы жетіліп отыруы шарт, оған түзетулер қажет. Дегенмен, мұнда тоқталатын мәселе, ондай құжатты әзірлеу ашық болуы шарт. Құжат кабинеттерде талқыланып, кейіннен Парламентте соңғы нүкте қойылады. Сол үшін де жиынға депутаттық корпус өкілдерін де шақырып отырмыз», - дейді С. Матаев.
Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамада түзетуді аса қажет ететін 2 бап бар.
«Оның біріншісі журналистерге салынатын айыппұлдың көлеміне қатысты. Соңғы уақытта бұның көлемі шексіз өсіп кеткен. 100 млн., 500 млрд. теңге деп кете береді. Бұл дұрыс емес. Соны бірнеше жыл бойы көтеріп, айыппұлдың шамасын 1 миллионнан арттырмау керек деп жүрміз. Екінші мәселе, журналистерді сотқа берсе, ол неге салық төлеуі керек?», - дейді басқарма төрағасы.