БАҚ саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін тең жағдайлар жасауға мүдделі болуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдары саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін тең жағдайлар жасауға мүдделі болуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопковамәлім етті.

БАҚ саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін тең жағдайлар жасауға мүдделі болуы тиіс

Оның атап өтуінше, сайлау органдарының үгіт науқаны кезеңіндегі негізгі міндеті - барлық саяси партиялар мен кандидаттарға үгіт жүргізу үшін тең жағдайлар туғызу.
«Дегенмен, сайлау процесіне тікелей қатысушылар ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының өздері де, Сайлау туралы заңның саяси партиялар және мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін тең жағдайлар жасау жөніндегі талаптарын іске асыруға мүдделі болуы тиіс. Сондай-ақ, үгіт науқаны барысын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру процесінде азаматтық қоғам институттары, ҮЕҰ және байқаушылар маңызды рөл атқарады» - деді Т. Охлопкова.
Т. Охлопкова Орталық сайлау комиссиясы және аумақтық сайлау комиссиялары сайлау процесіне қатысушылардың үгіт науқанын жүргізуге байланысты барлық өтініштеріне барынша жедел түрде ден қоюға тырысатынын атап өтті.
«Нәтижесінде, сайлау органдарының және сайлау процесіне барлық қатысушылардың күші сайлау заңнамасының талаптарына және халықаралық жалпыға бірдей танымал қағидаттарға сәйкес әділ және транспарентті сайлау науқанын өткізуге бағытталуы тиіс» - деді ол.