БАҚ туралы заң жобасына «насихат» түсінігі енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Парламентте талқыланып жатқан БАҚ туралы заң жобасына «насихат» ұғымы неліктен енгізілгенін айтып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Айта кету керек, еліміздің ешбір заңында осыған дейін бұған түсінік берілген жоқ. Бұл жерде әңгіме теріс идеяларды таратуда болып отыр. Яғни ол дегеніміз, суицидті, терроризмді, радикалды діни көзқарасты, ұлттық және нәсілдік араздықты насихаттау. Бірқатар БАҚ өкілдері осы терминді нақтылап беруді сұрап отыр. Әрине, біз оған қарсы емеспіз. Парламентте журналистермен де, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен де осы мәселені айқындауға дайынбыз», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев ақпарат және коммуникациялар саласындағы заң жобасын талқылау барысында ортақ шешімге келуге болатынына сенім білдірді.

«Сонымен мен заң жобасындағы ең қызу талқыланған нормаларға тоқталып өттім. Алдағы уақытта да Парламентте жан-жақты талқылап, ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын. Әрине, жобаның басқа нормалары бойынша тың пікірлер айтылуы мүмкін. Қалай дегенде де біз кез келген диалогқа, кез келген сұраққа жауап беруге әзірміз», - деп түйді министр заң жобасының нормаларын түсіндіру бойынша Фейсбуктегі өз парақшасында жариялаған видеода .

Еске салайық, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Парламент қарауына ұсынылған ақпарат және коммуникация саласындағы заң жобасына енгізілген және медиа қауымдастықта резонанс тудырған ең даулы нормаларға қатысты министрліктің ұстанымын білдіретін бейнежазбаны бұған дейін де жариялаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар