БАҚ-тың қаржы пирамидаларын жарнамалауына тыйым салынады - Сенат

Сенат қабылдаған Заң Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген. Бұл ретте құжат арқылы қаржылық пирамидалардың жолын кесу, оны болдырмау бойынша шаралар кешенін қабылдау, бастысы, Қазақстан аумағында олардың қызметіне заңнамалық деңгейде тыйым салу көзделеді. Атап айтқанда, қаржылық пирамидалар құрғаны, оның қызметін ұйымдастыруға, оны басқаруға қатысты қылмыстық жауапкершілік қамтылады. Ал қаржылық пирамидалардың қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Сондай-ақ заң жобасымен қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың ұғымын нақтылау қарастырылады. Ондай қызметтердің жарнамалануына заңнамалық негізбен тыйым салынатын болады.
Осыған орай, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Жарнама туралы» заңдарына қаржылық (инвестициялық) пирамидаларының қызметін жарнамалауға тыйым салу туралы тиісті түзетулер енгізілген. Құжатты қабылдау азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мүдделерінің қорғалуына, сондай-ақ қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.