Бакалавр дәрежесін алған мейіргерлердің жалақысы артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 308 мейіргерлік іс маманы фин үлгісі бойынша қолданбалы бакалавр дәрежесін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Халықаралық мейіргер күні қарсаңында өткен конференцияда мәлім етті.

ЮНИСЕФ пен финляндиялық кеңесшілердің қолдауымен жүзеге асырылған бұл пилоттық жобаға 7 өңірдегі 7 жоғары колледж және 29 ұйым енген болатын. Вице-министрдің айтуынша пилоттық жоба емханаларда өз жалғасын таппақ. Жаңа дәрежедегі мейіргерлер үшін көбірек жалақы тағайындалады және қызметтері нақтыланады.

«Барлық мейіргерлерді өзін-өзі дамытуға ынталандыру қажет. Білімін, қабілеттерін шыңдаған білікті мамандарға лайықты еңбекақы берілуі тиіс. Яғни, мейіргердің үлесі ақшалық эквивалентте есептелуі тиіс. Мейіргер қанша уақыт жұмыс істеді, медициналық ұйымға қанша табыс түсірді, сол шамада еңбекақы берілуі тиіс. Сондықтан, пилоттық жобаға енген 29 медициналық ұйымда бұл ұсынысты қолға алған жөн», - деді Ләззат Ақтаева.

Вице-министр ынталандыруға ауыл мейіргерлерін көбірек тартуды атап өтті. Себебі, қала мейіргерлерінің қызметі шектеулі, ауылдағы мейірбикелер өз міндеттемелерінен бөлек, шешім қабылдайды. Сондай-ақ, білімі мен қабілеті, көшбасшылық қасиеттері бар мейіргер мамандардың қосымша білім алу үшін шет мемлекеттерге жіберілетіні хабарланды.

Айта кетейік, жыл сайын 12 мамырда - Халықаралық мейіргерлер күні аталып өтеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 132 мың мейіргер жұмыс істейді. Олар еліміздің 25 мемлекеттік колледжінде және 55 жеке колледжінде даярланады. Аталған оқу орындарында жыл сайын 70 мыңға жуық маман білім алады және 20 мыңнан астам түлек мейірбике мамандығын алып шығады.

Соңғы жаңалықтар