Бақдәулет Сәбитов БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады

ОРАЛ. KAZINFORM – Бақдәулет Маратұлы Сәбитов БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бақдәулет Сәбитов
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Басқармадан алынған мәліметке қарағанда, Бақдәулет Маратұлы 1992 жылы 6 сәуірде Түркістан облысы, Төле би ауданында дүниеге келген.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығы бойынша білім алған (2010-2014). Шымкент университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығына оқыған (2016-2018). Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының EMBA спорт менеджменті магистрі (2024-2025).

Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Дзюдодан спорт шебері.

ҚР Қазақ күресі федерациясында басшылық қызмет атқарған.

2022 жылдың сәуір айынан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры болды.

Жаңа басшыны ұжымға БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірлік спорт басқармасы басшылары министрлік комиссиясы шешімімен тағайындалатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар