Бақытгүл Хаменова тойға баруға пробация қызметінен рұқсат алды - Бас прокуратура

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев сотталған Б. Хаменованың тойда жүруі оқиғасына қатысты түсінік берді.

Бакытгуль Хаменова
Фото: Атырауской обласының әкімдігі

Пара алғаны үшін сотталған Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, экс-депутат Бақытгүл Хаменованың жақында тойға жүрген сәті әлеуметтік желіде жарияланған еді.

- Хаменоваға қатысты тоқталсақ, оның жазасы бойынша үкімнің орындалуы үш жылға кейінге қалдырылған еді. Жалпы, кейінге қалдыру оның іс-шараларға қатысуына тыйым салмайды. Сонымен қатар ол пробация қызметінен рұқсат алған, - деді Ғ. Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске сала кетейік, 2022 жылы күзде Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнату кезінде 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сот шешімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленген. Атырау облыстық соты бұл жайтқа қатысты үкімнің орындалуына қатысты мән-жайды еске салды. Үкімнің орындалуы 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылған. Бұл шешім сотталушының асырауындағы екі жас баласының болуына байланысты қабылданды.

Соңғы жаңалықтар